6 сағат бұрын
Дзюдодан ӘЧ: Бүгін қазақстандық екі балуан сынға түседі

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан бүгін, 18 маусымда екі балуан сынға түседі, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бүл күні Нұрлыхан Шархан (100 келі) және Марат Байкамуров (100 келі) ел намысын қорғайды.
Әлем чемпионатындағы Нұрлыханның алғашқы қарсыласы - түркіменстандық Баймурат Мажанов болса, Маратқа Заиль Рамирес (Куба) пен Миллимоно Абдулайе (Гвинея) жұбының жеңімпазы қарсылас атанады.
Сондай-ақ 19 маусымда Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) жүлдені сарапқа салады.
Қазірге дейін әлем чемпионатында ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанса, Мағжан Шамшадин (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (72 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Мейірлан Максим (90 келі) жарысты ерте аяқтады.
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтіп жатыр. Онда 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.
