12 сағат бұрын
Дзюдодан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын бір күміс медальмен аяқтады

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Дзюдодан Қазақстан құрамасы Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатын жекелей сында бір күміс медальмен аяқтады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұлттық құрама сапынан соңғы күні сынға түскен Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) алғашқы белдесуінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы – оңтүстіккореялық Ким Минджонға есе жіберіп, жүлдеден құр қалды.
Әлем чемпионатында ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанды.
Ал Мағжан Шамшадин (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (72 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Мейірлан Максим (90 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі), Марат Байқамұров (100 келі) жарысты ерте аяқтады.
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтіп жатыр. Қазақстан сапынан елдің үздік 12 дзюдошысы бақ сынады.
Енді 20 маусымда қазақстандық дзюдошылар командалық жарыста сынға түседі. Алғашқы кездесу Бразилия құрамасына қарсы өтеді.
