2 күн бұрын
Ғалымжан Жылгелдиев: Париж Олимпиадасында Елдостың жеребесі қиын түскеніне қуандым

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Олимпиада кезіндегі әсерімен бөлісті деп хабарлайды Sport12.kz AQYRYS SEITKAZY-ның арнасына сілтеме жасап.
- Ең қиын болған кез – Олимпиада алдындағы сәт. БАҚ беттері 60 келіде кім баруы керек екенін таласа жазып жатты. Ақыры 3 спортшы қосымша белдесу өткізіп, Елдос 13 минутқа жалғасқан күресте басым түсті. Арқамнан жүк түскендей болды. Ал Олимпиадада ешқандай қорқыныш болмады. Өзімді жеңіл сезіндім. Неге? Өйткені Париждің алдындағы оқу-жаттығу жиынында Елдос көңілді жүріп, барлық айтқан тапсырмаларымды бұлжытпай істеді. Осыдан-ақ, оның үлкен мақсатпен барғанын, барлық ойы тек күресте екенін аңғардым, - деді бапкер.
Елдостың жеке бапкері Париж Олимпиадасының жеребесі өте қиын болғанына байланысты пікірін де білдірді.
- Иә, Париж Олимпиадасында Елдосқа жеребе жолдас болмады деп жазып жатты. Бірақ мен керісінше қуандым. Себебі, қиын қарсылас болған сәтте ғана Елдос босаңсымайды. Бірінші белдесуде ол Токио Олимпиадасында қола жүлдеге таласқан Нидерланд спортшысын жеңді. Украина, Тайпей өкілдері де жақсы таныс болды. Жартылай финалда Испания дзюдошысының жеңіске деген құлшынысы жоғары болды. Бірақ жеңістің кілтін таптық. Елдос қатты қуанып, эмоцияға ерік берді. Содан кейін Елдос маған финалда жеңемін деп айтты. Ал Олимпиада чемпионы атанғанда, осыған дейінгі жүріп өткен жолымыз көз алдымнан өтті, - деп Ғалымжан Жылгелдиев ойын аяқтады.
