13 сағат бұрын

Астанада Эцио Гамбаның қатысуымен жаттықтырушылар семинары өтіп жатыр

Астанада Эцио Гамбаның қатысуымен жаттықтырушылар семинары өтіп жатыр

Астанада әлемдік дзюдоның аңызы, 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпия ойындарының чемпионы, тарихтағы ең табысты жаттықтырушылардың бірі Эцио Гамбаның жетекшілігімен жаттықтырушылар семинары ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Sport12.kz

Эцио Гамба командасымен ынтымақтастық дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасын даярлау аясында жүзеге асырылуда. Бұл өзара жұмыс барысында халықаралық деңгейде тиімділігін дәлелдеген заманауи жаттығу әдістемелері енгізілуде.

Екі күнге жоспарланған семинар бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарды қамтитын кешенді білім беру мазмұнынан тұрады. Әсіресе спортшыларды даярлау әдістерін жетілдіруге бағытталған арнайы теориялық-практикалық модульдерге басымдық берілген.

Атап айтқанда, төрт техниканы меңгеру және таныстыру бойынша топтық жұмыс, сондай-ақ мақсатты көрсеткіштерді айқындай отырып, жаттығу үдерісін модельдеу қарастырылған.

Жаттықтырушылар құрамына халықаралық деңгейдегі жетекші мамандар тартылған. Олардың қатарында Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Роберт Мшвидобадзе, Франция және Италиядан келген тәжірибелі бапкерлер Стефано Фрассинели, Маротто Феличиано, Жибер Жан-Пьер, сондай-ақ қазақстандық мамандар бар.

Бұл семинар отандық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге және қазақстандық дзюдоның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған.

Іс-шара алдағы ірі халықаралық жарыстар қарсаңында өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында жазғы Азия ойындары, сондай-ақ Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Grand Slam сериясының кезеңі бар.


Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»