3 күн бұрын
Ғұсман Қырғызбаев жапондармен қалай күресу керектігін айтты

Дзюдодан Париж Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев өзінің қай балуандармен еркін күресетінін айтты. Одан бөлек, Ғұсман жапон дзюдошыларына қатысты ойын жеткізді. Бұл туралы ол Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында айтты.
«Өзіме моңғол, грузин балуандарымен күрескен қатты ұнайды. Себебі, олардың күрес мәнері біздікіне ұқсайды. Көбіне тік тұрып күреседі. Мәселен, 60 келіде белдесіп жүргенімде мықты деген моңғол балуандарының бәрін жеңдім.
Ал Жапония, Оңтүстік Корея балуандарымен белдесу, расында, оңай емес. Оларға қандай әдіс жасасаң да, жауаптары дайын тұрады. Сәл қиыс кетсең, шалқаңнан түсіреді. Сол үшін оларды сындыру керек. Сөйтіп күресесің. Содан соң ғана, дамылдайды. Әйтпесе, қасқырға түскен тазы секілді, әбден сілкиді. Бұл балуандармен күресу үшін үлкен дайындық керек. Әсіресе, физикалық тұрғыдан мықты болу қажет.
Еуропалықтарға келер болсам, олардың физикалық әлеуеттері өте жоғары. Парижде қола медаль үшін күрескен серб балуанына да қатты таң қалдым. Шаршамайды екен. Белдесу аяқталған соң, қол алыстық . Сол кезде де ол бір деммен тұр. Дым шаршау жоқ», — дейді Қырғызбаев.
Айта кетелік, Ғұсман Қырғызбаев 60 келі салмақта әлем чемпионатының күміс, 66 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
