25.04.2025
Азия чемпионаты: Нұрәділ Әлжан жартылай финалға шықты

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Таиланд астанасы Бангкокте өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрәділ Әлжан жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынап жатқан жерлесіміз ширек финалда Оңтүстік Кореяның мықтысы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Харим Лиден басым түсті.
Қос спортшы арасындағы белдесуде жеңімпаз негізгі уақытта анықталмады. Кездесудің тағдыры қосымша уақытта шешілді. Нұрәділ Әлжан Golden Score кезеңінде керемет әдіс жасап, қарсылас жауырынын жерге тигізді.
Бұған дейін ол іріктеу белдесулерінде Индонезия өкілі Мұхаммед Рохман мен Моңғолия спортшысы Сукхал Биамбасуренді жарыс жолынан шығарған еді.
Енді Нұрәділ Әлжан Азия чемпионатының финалына шығу үшін татами төріне қайта көтеріледі.
