25.04.2025
Азия чемпионаты: Шерзод Давлатов ел қоржынына екінші жүлдені салды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
60 келіге дейінгі салмақта күш сынаған ұлттық құрама спортшысы қола жүлде сарапқа салынған белдесуде өзбек балуаны Бахром Батуровтың жауырынын жерге тигізді.
Бұл Шерзодтың ересектер арасында жеңген алғашқы құрлық чемпионатындағы медалі. Осыған дейін 23 жастағы отандасымыз екі мәрте кадеттер арасында топ жарған.
Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Нұрәділ Әлжан чемпионатты бесінші орында аяқтады. 60 келіге дейінгі салмақта өз бағын сынап көрген спортшымыз өкінішке орай кіші финалда Мұхаммедсалех Куватовқа (Тәжікстан) қосымша уақытта есе жіберді.
