4 сағат бұрын
Ғұсман Қырғызбаев: өз жерімізде испан дзюдошысынан реванш алсам деймін

Астанада 9-11 мамыр күндері өтетін дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 әлемдік жарысына санаулы күндер ғана қалды. Осы орайда қатысушылардың арасынан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев алдағы бәсекеге дайындық барысымен бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz
- Astana Grand Slam турниріне дайындығыңыз қалай болып жатыр?
- Ең бірінші кезектегі қиындық – салмақ қуу. Бұл жайтты тек салмақ қуғандар ғана түсінеді. Бірақ бұл біздің жұмыс. Олимпиада ойындарынан кейін ешнәрсе ойламай, толыққанды демалдым. Енді қайта татамиге оралып, жаңа бапкерлердің әдіс-тәсілдеріне бейімделу сәл қиындау. Енді дайындығымыздың жемісін алдағы турнирде көретін боласыздар.
- Астанадағы айтулы бәсекеде қай қарсыласыңызды ерекше айтар едіңіз?
- Елордадағы додаға менің салмағымда 32 спортшы тіркелді. Оның ішінде испаниялық Гарсия Торнені ерекше айтар едім. Неге? Себебі 2023 жылғы Astana Grand Slam-ның финалында екеуміз жолығып, есе жібергенмін. Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасының бірінші айналымында қайта жолымыз түйісіп, айламды асырып кеттім. Енді өз жерімізде испан дзюдошысынан реванш алсам деймін.
- Париж Олимпиадасының жүлдегерісіз. Жанкүйерлер сізден үлкен үміт күтетіні анық. Қысым сезіле ме?
- Париж Олимпиадасының қола жүлдесін алған соң, көрермендер елордада өтетін бәсекеде жоғарғы деңгейімді көргісі келетінін білемін. Иә, жарыс жақындаған сайын қобалжу сезіледі. Біршама үзіліс дайындығыма әсерін тигізді. Енді қазақтың жерінде барымды салуға тырысамын. Бірақ Олимпиада жүлдесі сенімділік сыйлағанын жасырмаймын. Әр жаттығудан ләззат алып жатырмын.
- Париж Олимпиадасынан кейін дзюдода бірқатар өзгерістер болды. Қандай ерекшеліктер бар?
- Жаңадан келген шетелдік бапкерлер тек бір ғана жарысты емес, ұзақ мерзімді стратегияны ұстанады. Grand Slam, Grand Prix турнирлері 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық ретінде саналады. Әр спортшы үшін жаттығу барысындағы әдіс-тәсілдерін шыңдайтын бәсеке деуге болады.
- 2025 жылы қайта жаттығуға оралдыңыз. 4 айдың ішінде сырт көзбен ұлттық құраманың шама-шарқына баға бере аласыз ба?
- Спортшы болған соң, әр дзюдошының өнерін бақылап жүремін. Азия чемпионатының нәтижесіне қарасақ, жерлестерімнің белдесуіне көңілім толады. Көпшілігі сары құрлықтың жарысына бірінші рет қатысты. Барлығы орын алмаса да, алға жылжушылық байқалады. Дайындап жатқан амандардың айтуынша, жаңа методиканың нәтижесі тек 6 айдан кейін ғана сезіледі. Қазіргі сәтте отандастарымыз бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.
- Сұхбатыңызға рахмет!
