Ғұсман Қырғызбаев: Мақсатым тек алтын еді

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде күміс жүлде жеңіп алған қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz.
– Бұл менің Париж Олимпиадасынан кейінгі 10 айға жуық үзілістен соң татамиге алғаш шығуым. Қазір бабымның шамамен 80 пайызына келдім деп ойлаймын. Мен жеңіске толық дайын болдым, мақсатым тек алтын еді. Бүгін осы залда Қазақстанның Әнұраны шырқалса екен деп қатты тіледім… Өкінішке қарай, бүгін жолым болмады. Бірақ маған сеніп, қолдау білдірген барлық жанкүйерге алғыс айтамын. Мен үшін қолдауларыңыз өте маңызды, — деді Ғұсман Қырғызбаев.
Ғұсман Қырғызбаев Астанадағы дүбірлі доданың финалдық белдесуінде ресейлік Рамазан Абдуллаевқа жол берген болатын.
Айта кетейік, Әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі 11 мамырға дейін жалғасады. Жарыс Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Биылғы бәсекеге 44 елден 358 спортшы қатысуда.
