14 сағат бұрын
Әлем чемпионы Ерғали Шамей Астанадағы жарыста 1/8 финалдан аса алмады

Фото: kaz.inform.kz
Астана қаласында өтіп жатқан пара дзюдодан әлем чемпионатында Ерғали Шамей (81 келі) жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұдан бұрын әлем чемпионы атағын жеңіп алған ол 1/8 финалда франциялық Сирил Жонарға есе жіберді. Қарсыласы үш бірдей Паралимпиадада жүлдегер атанған тәжірибелі спортшы еді. Екеуі жеті минут бойы шеберлік байқасты. Нәтижесінде Ерғали қарсыласына есе жіберіп қойды.
Жарыстың өтуіне Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) қолдау білдірді. Онда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады. Әлем чемпионатына жер-жаһанның 40 елінен келген 350-ден астам үздік спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында 15 Паралимпиада чемпионы мен жүлдегері бар.
