05.08.2024
Көшпенділер ойыны - әлем назарында

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
8-13 қыркүйек аралығында Астанада ұйымдастырылып отырған бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 34 күн қалды.
«Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтетін аламан додада бақ сынасуға 3000-ға жуық қатысушы келеді деп жоспарлануда. 7 күнге созылатын халықаралық жарысқа бірінші кезекте, халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері саналатын елдер қатысады. Екінші кезекте, көшпенді емес мемлекеттен де командалар қатысады деп күтілуде.
Жалпы саны 97 медаль сарапқа салынатын көшпенділер ойынында спортшылар 21 түрлі спорт түрінен сайысқа түседі. Олардың қатарында: ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар.
Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен көшпенділер ойыны 10 жылдың ішінде тек Еуразия төңірегіндегі ғана емес, халықаралық деңгейде қызығушылық тудырған сайысқа айналды. Бұған дәлел, он жыл бұрын жарысқа бар-жоғы 19 ел қатысқан болса, биылғы додада 100-ден астам шетел спортшылары бабын сынайды.
