4 сағат бұрын

Ербол Мырзабосынов Милан-2026 Олимпиадасындағы спортшылармен кездесті

Ербол Мырзабосынов Милан-2026 Олимпиадасындағы спортшылармен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Миланда өтіп жатқан ХХV қысқы Олимпиадада конькимен жүгіру жарыстарын тамашалады, деп хабарлайды Sport12.kz

Ведомство басшысы спортшылардың олимпиадалық аренада өздерін лайықты деңгейде көрсетіп, жарыстың алғашқы күнінде мінез, жинақылық пен батылдық танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, отандық спортшылардың Олимпиадаға қатысуы — үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сондай-ақ осындай беделді халықаралық додада өнер көрсетуі бүкіл ел тарапынан шынайы құрмет пен қолдауға әбден лайық.

3000 метр қашықтықтағы жарыста Надежда Морозова 4:01,20 нәтижесін көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Оның алдында бұл спорт түрінде тарихи тұрғыда мықты саналатын Италия, Норвегия, Канада және Нидерланд спортшылары мәреге жетті. Олар: Ф. Лолобриджиде (Италия) – 2022 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, Р. Виклунд (Норвегия) – әлемдік рейтингте бірінші орында тұр, 2023 жылғы әлем чемпионы, 2026 жылғы Еуропа чемпионы, В. Мальте (Канада) – 2024 жылғы төрт құрлық чемпионы, Д. Бене (Нидерланд) – 2025 жылғы әлем чемпионы, И. Вейдман (Канада) – 2022 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері.

Надежда Олимпиадаға жақсы дайындықпен келді. Ол 3000 метрлік қашықтықты жақсы еңсеріп, олимпиадалық цикл бойы нәтижесін жақсартып келеді. Елизавета Голубева 4:03,30 нәтижесімен оныншы болып келіп, өзінің жеке рекордын орнатты.

Айта кетейік, Надежда Морозова мен Елизавета Голубева ХХV қысқы Олимпиададағы өнер көрсетуін жалғастырады. Олар жеке және командалық жарыстарға шығады.

Еске сала кетейік, бүгін жарыстың алғашқы күні өтті. Қысқы Олимпиада 22 ақпанға дейін жалғасады.


Біздің серіктес: Бізге тіркел!