11.02.2026
Министр Азия чемпионатында жүлде алған жеңіл атлеттермен кездесті
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен жабық кешендегі Азия чемпионатында жүлде алған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларымен кездесті. Бұл жарыста қазақстандық жеңіл атлеттер 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.
Министр спортшыларды табысты нәтижемен құттықтап, мұндай жетістіктер елде жеңіл атлетиканың дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам адам жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысады. Сондай-ақ ол бұл жетістік спортшылар мен жаттықтырушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

Азия чемпионатында Нора Джеруто 3000 метр қашықтықта, Алина Чистякова бессайыста және әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая иеленді.
Ал Мария Ефремова үш қарғып секіруден, Нора Джеруто 1500 метр қашықтықта және ерлер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада қола жүлдеге қол жеткізді.
Кездесу соңында жүлдегер спортшылар мен жаттықтырушылар министрлік пен федерация атынан марапатталды.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»