2 күн бұрын
Конор МакГрегор UFC-ге оралар алдында алғашқы допинг-тесттен өтті

Конор МакГрегордың UFC-ге оралуы туралы әңгімелер жыл сайын қайталанып келе жатқанына қарамастан, жанкүйерлер бұл жолы да үміт пен сенімсіздіктің арасында қалуда. Бұған дейін бірнеше мәрте жұдырықтасуға уәде беріп, кейін оны орындамаған «Ноториус» енді нақты қадамдарға көшкен сияқты.
Жақында МакГрегор өз жанкүйерлеріне допинг-тест үшін қан тапсырғанын көрсетіп, UFC-ге шын мәнінде қайта оралуды көздеп отырғанын білдірді. Оның басты мақсаты – Майкл Чендлермен жекпе-жек өткізу. Бұл кездесудің ерекшелігі – турнир АҚШ президентінің резиденциясы – Ақ үйде өтуі мүмкін деген ақпараттың тарауы.
Бұған дейін МакГрегор залда жаттығу жасап жүрген сәттерін де бөліскен еді, алайда фанаттар мұны тағы бір маркетингтік қадам ретінде қабылдаған болатын. Енді болса, оның ресми түрде тест тапсырғаны жағдайды мүлдем басқа бағытқа бұрып отыр.
Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, МакГрегор – Чендлер жекпе-жегі UFC тарихындағы ең ерекше оқиғалардың біріне айналуы мүмкін.
