15 сағат бұрын
Эдуард Базров: «Жағдай шынымен ауыр» — Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайы туралы айтты

DAR PRO Team бас бапкері Эдуард Базров шәкірті, қазақстандық UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайына тоқталды. Соңғы күндері спортшының отбасында ауыр оқиға болғаны белгілі болды.
Базровтың айтуынша, Рахмонов жаттығуды тоқтатпаған, бірақ психологиялық тұрғыдан оңай емес кезеңді бастан өткеріп жатыр.
— «Қазір нақты мерзім айта алмаймын. Бір ғана нәрсе белгілі – ол залға келіп, дайындалып жүр. Әрине, мұндай жағдайда өзіңді қалыпқа келтіру оңай емес. Бірақ Шавкат — мінезі мықты жігіт», – деді ол.
Бапкер болашаққа қатысты болжам жасамады:
— «Бұл жерде бәрін уақыт пен Алла ғана көрсетеді. Әзірге тек бүгінгі жағдайды айта аламын – ол дайындық үстінде», – деп түйіндеді Базров.
Шавкат Рахмоновтың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында өтіп, онда ол Иэн Гэрриді жеңген еді. Жақында жартылай орта салмақтағы UFC рейтингінде екінші орында тұрған Шон Брэди қазақстандық спортшыны жекпе-жекке шақырған, бірақ келісім болмаған.
27 шілде күні Шавкаттың анасы Гүлайым Рахмонова туыстары және достарымен бірге Қарағандыдан Алматыға бет алған. Ол басқарған Toyota Land Cruiser көлігі Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуек ауылының маңында аударылып кеткен. Алдын ала деректер бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмаған.
Апат салдарынан 39 жастағы З.А. оқиға орнында қаза тапты. 35 жастағы А.С. болса, Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізілер жолда көз жұмды.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
