8 сағат бұрын
Еркебұлан Тоқтар: Марсельді жекпе-жекке дейін сақтаңдар
Қазақстандық актер әрі ММА жауынгері Еркебулан Тоқтар келесі жекпе-жегін 28 наурызда Ереванда (Армения) өткізеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Hype Asia турнирінде қазақстандық спортшының қарсыласы ММА-де жеңіліп көрмеген Қырғызстан өкілі Марсель болады. Жеңіл салмақта өтетін жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокстың ережелері бойынша өтеді.
"Марсельмен 2025 жылдың 8 ақпанында Алматыдағы кеште төбелесуім қажет еді. Бірақ айқасқа 2 күн қалғанда қолын жарақаттап алдым деген сылтаумен шықпай қойды. Қаншама дайындығым еш кетті. Марсельдің ерекшелігі - 15 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен. Бірақ өзінен мықтыға тап болса, шықпай қоя салады. Осы орайда Hype Asia ұйымынан Марсельден алдын ала депозит алып қоюларыңызды өтінемін. Болмаса, 15 күндей бұрын бір жерде ұстап, жарақат алмауын қадағалаңыздар. Мен білетін қырғыздар сөзінде тұратын еді. Бірақ Марсельді олардың қатарына жатқыза алмаймын", - деді Еркебұлан Тоқтар.
Өз кезегінде қырғыз спортшысы да үнсіз қалмады.
"Еркебұлан айқастың кез келген түріне қарсы емеспін деп еді. Алайда жекпе-жегіміз бокс ережесімен өтеді. Басқа форматта бірінші раундта-ақ жеңіліп қалатынын біледі. Осы жерде кім батыл екені көрініп тұр. Енді 28 наурызда бокс қолғабымен өтетін кездесуде жеңіліп қалған соң, не сылтау айтады екен?! Көреміз", - деп Марсель өз жауабын берді.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін бокстың ережелері бойынша 28 желтоқсанда Ташкенттегі «Хумо Аренада» өткізді. Сол айқаста қазақстандық спортшы бірінші раундта өзбекстандық Тимур Никулинді нокаутқа түсірген еді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!
Қанат Байұзақов