16 сағат бұрын
Азия чемпионы Ұлттық ұлан сапында қызмет етуде
Семей қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінде аралас жекпе-жектен Азия чемпионы, қатардағы жауынгер Аян Рахимбек мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.
Ол өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласынан әскер қатарына шақырылған. Аян – ММА бойынша спорт шеберлігіне үміткер. Жекпе-жек спортымен бесінші сыныптан бастап айналысады. 2019 жылы өткен жарыстың финалында Қырғызстан спортшысын жеңіп, Азия чемпионы атанған.

Әскери қызметшінің айтуынша, әскердегі тәртіпке бейімделу оған қиындық туғызбаған. Қызмет барысында да спорттық дайындығын үзбей, жаттығуын жалғастырып келеді. Бөлімде жыл сайын әскери қызметшілер арасында қоян-қолтық ұрыстан жарыстар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта қатардағы Рахимбек әскери бөлім намысын аралас жекпе-жек турнирлерінде қорғауды жоспарлап отыр.
Анасының сөзінше, спорттағы жетістіктеріне қарамастан, ұлы қарапайым қалпынан айнымаған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әрдайым көмек қолын созуға дайын.
Қаруластары да Аянды батыл әрі қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын үздік сарбаз ретінде сипаттайды. Қазіргі уақытта Азия чемпионы Семей қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне тартылған.
Айта кетейік, Аянмен бірге 5511 әскери бөліміне Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан шақырылған сарбаздар да әскери қызметін өтеп жатыр.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»