28.03.2026
Ілияс Хамзин чемпиондық титулын сәтті қорғады
Қазақ файтері Ілияс Хамзин Karate Combat ұйымындағы орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.
Екатеринбург қаласында өткен турнирдің басты жекпе-жегінде Хамзин француз спортшысы Алекс Лоорэмен кездесті. Бес раундқа созылған айқас қорытындысында төрешілердің бірауыздан шешімімен қазақстандық файтер жеңіске жетті.
Бұл 34 жастағы спортшы үшін чемпиондық титулды алғашқы рет қорғауы болды. Айта кетейік, ол бұл белбеуді өткен жылдың қазан айында Адриан Уэзерсбиді жеңіп алған еді. Қазіргі таңда Хамзиннің ММА-дегі рекорды — 13 жеңіс және 5 жеңіліс.
Ал оның қарсыласы Алекс Лоорэ бұған дейін Brave CF ұйымында өнер көрсетіп, 2025 жылдың мамыр айында Мансур Абдурзаковты техникалық нокаутпен жеңген. Француз файтерінің еншісінде 26 жеңіс және 11 жеңіліс бар.
Сондай-ақ Ілияс Хамзин UFC чемпионы Петр Янның командасында жаттығады. Ол оның спарринг-серіктесі болып, турнирлерде бұрышта бірге жұмыс істейді. Екеуі «Архангел Михаил» клубында дайындалады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан