06.12.2025
Фристайлдан Ардана Маханова Финляндиядағы әлем Кубогының кезеңінде өнер көрсетті
Финляндияның Рука тау-шаңғы курортында фристайл-акробатикадан әлем Кубогының кезеңі басталды, деп хабарлайды Sport12.kz
Жекелей сында бақ сынаған отандасымыз Ардана Маханова 41.34 нәтижесімен жарысты аяқтады.
Бүгін Астана уақытымен 17:00-де жарыс жолына ерлер құрамасы шығады. Бұл бағдарламада Қазақстан намысын Уланбакир Умурзаков, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан және Шерзод Хаширбаев қорғайды.
Айта кетейік, әлемдік додаға 11 елден 75 үздік атлет (40 ер, 35 әйел) қатысуда. Бұл қатарда Қазақстан, Германия, АҚШ, Швейцария, Австралия, Чехия, Канада, Украина, Финляндия, Қытай және Жапония спортшылары бар.
Аталған жарыс 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындары қарсаңындағы маңызды іріктеу сайыстарының бірі. Бұл кезеңде спортшыларымыз рейтингтік ұпай жинайды.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап қысқы Олимпиада ойындарына фристайлдан тұрақты түрде қатысып келеді. Әсіресе, осы орайда могул бағытын ерекше атап өтуге болады. 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қазақстандық Дмитрий Рейхерд финалға шығып, жоғары нәтижелер көрсеткен болса, Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдесін, қола медальді 2018 жылы Пхёнчханда Юлия Галышева иеленген болатын.
Бүгінде фристайл еліміздегі басым қысқы спорт түрлерінің қатарында. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі ел құрамасына жан-жақты қолдау көрсетуде. Атап айтсақ, дайындыққа қаржылық қамтамасыз ету, медициналық қолдау, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, халықаралық жарыстарға жіберу, қажетті жабдықтармен қамту. Осындай кешенді жұмыс спортшылардың халықаралық аренада, соның ішінде ең маңызды, төртжылдықтық басты додасы Олимпия ойындарында жоғары нәтижелер көрсетуіне жағдай жасайды.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов