30.12.2025

Қысқы Олимпиада-2026: Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен қатысады

Қысқы Олимпиада-2026: Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен қатысады

Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстандық спортшылар XXV қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайтын болады, деп хабарлайды Sport12.kz.

ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындық барысы туралы баяндады.

Министрдің сөзінше ойындар Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында 6-22 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойнатылады. Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар. 

Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстары өтеді. Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. 


Біздің серіктес: Бізге тіркел!