7 сағат бұрын

Қазақстан XXV қысқы Олимпиадада спортшылар саны жөнінен 24-орынға жайғасты

Қазақстан XXV қысқы Олимпиадада спортшылар саны жөнінен 24-орынға жайғасты

Фото: Қазақстан ҰОК

Бүгін Италияда басталатын XXV қысқы Олимпиада ойындарында спортшылар саны жөнінен алғашқы 25 мемлекет құрамына енді, деп хабарлайды Sport12.kz.

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында өтетін дүбірлі додада әлемнің 90-нан астам елінен шамамен 2 900-3 500 спортшы қатысады деп күтіледі. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүбірлі додаға үздіктерін аттандырған елдердің арасында АҚШ құрамасы 233 спортшымен көш басында тұр. Екінші орынға 210 атлетпен Канада жайғасса, Италия 196 спортшымен үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ беделді бәсекеге Германия, Швейцария, Франция, Қытай, Жапония, Аустрия және өзге де бірқатар елдер 100-ден астам үздігін аттандырды. 

Еліміз биыл қысқы Олимпиада ойындарында 36 спортшыға үміт артып, жалпы тізімде 24-орынға табан тіреп отыр. Дүбірлі додада еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының орташа жасы – 25 жас. Ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – шорт-трекші 33 жастағы Абзал Әжғалиев. Құрамадағы ең атақты спортшы – фристайл-могулдан бақ сынайтын Юлия Галышева

Ал Орта Азия елдерінің арасында Өзбекстан мен Қырғызстан екі-екіден үздігін қосты.

Дүбірлі додада 16 мемлекет небәрі бір спортшы сенім білдірді. 

Қазақстандық көрермендер бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімін Астана уақыты бойынша сағат 23:50-ден бастап Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.


Біздің серіктес: Бізге тіркел!