2 сағат бұрын
Илья Мизерных әлемдік деңгейде тарихи нәтижеге қол жеткізді
Италияның Валь-ди-Фьемме өңірінде өткен шаңғымен тұғырдан секіру жарысында қазақстандық спортшы Илья Мизерных ел тарихындағы ең үздік нәтижелердің бірін тіркеді.
Үлкен трамплин бағдарламасы аясында Мизерных финалдық кезеңге сенімді жолдама алып қана қоймай, шешуші сайыста 8-орынға тұрақтады. Ол жарыс барысында 281,6 ұпай жинап, әлемдік элита өкілдерімен тең дәрежеде бәсекелесті.
Іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшы 140,5 метрге дейін қалықтап, көрермендер мен мамандардың назарын аударды. Бұл көрсеткіш оның жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, Илья Мизерных — 2024 жылғы Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы. Италиядағы додада ол Олимпиада жүлдегерлері мен әлем кубогы кезеңдерінің тұрақты фавориттері саналатын спортшылардан озып шықты.
Финалда Данил Васильев те өнер көрсетіп, 27-орынға жайғасты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңіс словениялық Домен Превцке бұйырды. Күміс медальді жапониялық Рен Никайдо еншілесе, қола жүлде польшалық Кацпер Томасякқа табысталды.
Бұл нәтиже қазақстандық шаңғымен тұғырдан секіру мектебінің халықаралық деңгейде қарқын алып келе жатқанын көрсетеді.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»