Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

«Ойна,болжа, қатыс! Өту
Olimpbet Видеореп

6 сағат бұрын

Қазақстан ҰОК Президенттік орталыққа олимпиадалық жәдігерлерді табыстады

Қазақстан ҰОК Президенттік орталыққа олимпиадалық жәдігерлерді табыстады

Фото: Қазақстан ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҰОК) Президенттік орталыққа еліміздің Олимпиада ойындарына қатысу тарихына қатысты бірқатар құнды жәдігерді табыс етті.

Табысталған бұйымдардың қатарында - Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкиннің қолтаңбасы қойылған бокс қолғабы, Париж Олимпиадасындағы ұлттық құраманың салтанатты киім үлгісі, олимпиадалық тақырыптағы суреттер және отандық спорттың даму кезеңдерін бейнелейтін өзге де естелік заттар бар.

Жалпы музей қоры шамамен 100 жәдігермен толықты. Бұл экспонаттар қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін айшықтап, ұлттық олимпиадалық қозғалыс тарихының бір бөлігі саналады.

"Бұл - қазақстандық спортшылардың маңдай тері мен жеңістерінен тұратын олимпиадалық мұра. Оны Президенттік орталыққа табыстау арқылы ҰОК спорт тарихын сақтауға және келер ұрпақты жігерлендіруге өз үлесін қосып отыр.

Президенттік орталық қабырғасында бұл жәдігерлер ел мақтанышына айналып, тірі тарих ретінде қызмет ететініне сенімдіміз", - деді ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек.

Орталық өкілдері бұл бастама отандық спорт шеберлерінің тарихи мұрасын сақтау, насихаттау және болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталғанын атап өтті.

"ҰОК Президенттік орталықтың музей қорына табыстаған жәдігерлер мен фотоархивтер - Отанымыздың спорттық даңқының айқын айғағы. Бұл бірегей материалдар - жарқын жеңістердің, тартысты бәсекенің, рух пен елге адалдықтың көрінісі, отандық спорттың тірі шежіресі. Олар табыс, жеңіс пен рекордтарымызды ұлықтауға қызмет етеді", - деді Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат.

Айта кетейік, ҚР ҰОК музей қорын алдағы уақытта да толықтыра түсуді жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның олимпиадалық тарихын ұлттық мұраның ажырамас бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді.


Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»