12.02.2025
«Реал Мадрид» камбэк жасап, «Манчестер Ситиді» тізе бүктірді
Фото: championat.com
UEFA Чемпиоандар лигасы плей-офф сатысындағы алғашқы ойындар өткізілді.
Жанкүйерлер жарыстың аталған сатысында Англияның «Манчестер Сити» және Испанияның «Реал Мадрид» клубтарының кездесуіне ерекше назар аударды. Әлемдік футболда көпшілік олардың ойындарына баса назар аударады.
Кездесу барысында қос команда жеңіске жетуге бар күшін салды. Ойынның алғашқы кезеңінде англиялық футболшылар көбірек шабуыл жасады. Олардың қатарынан Эрлинг Холанд 19-минутта мергендік танытса, оған Килиан Мбаппе 60-минутта бір голмен жауап қайырды.
Ал 80-минутта Эрлинг Холанд пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Одан кейін «Реал Мадрид» сапынан Браим Диас 86, Джуд Беллингем 92-минутта гол соғып, қорытынды есеп белгіленді.
Сырт алаңда азулы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен испаниялық клуб жарыстың келесі сатысына өту мүмкіндігін жақсартып алды.
Сондай-ақ Францияның «Брест» командасы өз алаңында сол елдің «Пари Сен-Жермен» командасынан, португалиялық «Спортинг» Германияның «Боруссия Дортмундынан» 0:3 есебімен жеңілсе, италиялық «Ювентус» нидерландтық ПСВ ұжымынан 2:1 есебімен басым түсті.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»