6 сағат бұрын
Нариман Курбанов: «Бұл қазір әлемдегі ең күрделі комбинация»

Спортты дамыту дирекциясы
Спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов бүгін Оңтүстік Кореядағы (Чечхон) Азия чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Sport12.kz
Ұлттық құрама спортшысы өзі маманданған тұтқалы ат снарядындағы жаттығуда сәтті өнер көрсетіп, құрлық бәсекесіндегі үшінші алтын жүлдені мойнына тақты. Ол осыған дейін Ташкент (2024 ж) пен Сингапурда (2023 ж) жекелей сында үздік шыққан.
«Бұл - Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ірі жарыс. Сол себепті, алған жүлденің орны бөлек. Жасыратыны жоқ, біздің құрлықтағы гимнастар әлемдік деңгейде өте мықты. Мұнда қарсыластармен сынға түсу - ерекше әсер береді»,-деді Нариман марапаттау рәсімінен кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Осыдан кейін Курбанов өзінің бағдарламасының ерекшелігін айтты.
«Финал алдындағы дене қыздыру кезінде қателестім. Бірақ ешқандай уайым болған жоқ. Ақтық сында снарядтың қасына барғанда өзіме сенімді болдым, күшім жететінін білдім. Бүгін әлемдегі ең күрделі, қиын комбинацияны орындадым. Соның арқасында маусымдағы ең көп ұпайға қол жеткіздім. Бұл қуантады. Жаттығуды әлі де жетілдіре түсеміз»,-деп сөзін қорытындылады Нариман Курбанов.
Айта кетейік, ерлер арасындағы бәсеке ертең мәресіне жетеді. Ересектер қалған 3 дисциплинада (керме, тіреніп секіру мен қос сырық) жүлдеге таласады. Ұлттық құрама сапынан Милад Карими мен Ильяс Азизов кермеде бақ сынайды. Милад - осы жаттығуда былтырғы Азия чемпионы.
Сондай-ақ ертең жасөспірімдер барлық жекелей сайыста кім мықтыны анықтайды. Қазір Қазақстан командасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль бар. Ал 12-15 маусым аралығында әйелдер арасындағы чемпионат өтеді.
