2 күн бұрын
Нысана көздеуден әлем кубогында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Нысана көздеуден Германияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан әлем кубогында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіенің хабарлауынша, тапаншамен 10 метрден оқ ату сайысында Ұлттық құрама спортшысы Валерий Рахимжан күміс медаль жеңіп алды. Ол финалда 241.9 ұпай жинады. Мұнда қытайлық Ху Кай топ жарды (242.3 балл). Үздік үштікті жарыс қожайыны Кристиан Рейтц түйіндеді.
Айта кетейік, іріктеуде Валерий 583 ұпаймен 6-сатыға тұрақтап, ақтық сынға жолдама алған.
Бұл әлем кубогына 78 елден 695 таңдаулы мерген жиналды. Мюнхендегі әлем кубогы дәстүрлі түрде жыл сайын осылай қатысушы мемлекет пен спортшы жағынан рекорд жаңартады. Жарыс 15 маусымда мәресіне жетеді. Қазір Қазақстан қоржынында 1 күміс жүлде бар.
