6 сағат бұрын
Көркем гимнастикадан әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева елге оралды

Фото. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
Бүгін Астана халықаралық әуежайында Болгарияда өткен жаһандық додада ел намысын абыроймен қорғаған көркем гимнасшыларды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, Болгария астанасы Софияда өткен жасөспірімдер арасындағы үшінші әлем чемпионатында Қазақстан атынан Ақмарал Ерекешева 3 жаттығу, Айғаным Рысбек 1 жаттығу және топтық жаттығуда жүлдеге таласты. Нәтижесінде 14 жастағы Ақмарал Ерекешева 2 алтын (доп және лента сайысы) және 1 күміс медаль (шығыршық) жеңіп алды.
«1 ай бұрын ғана Сингапурде өткен Азия чемпионатынан кейін қателіктерімен жұмыс істеп, күнделікті дайындалдым. Иә, өте қиын. Бірақ 2 жылдан кейін өткізіліп жатқан әлемдік додада жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіспін. Бірінші кезекте ата-анама, бапкеріме өз алғысымды айтамын. Барлық қарсыластарымды елеусіз қалдырғым келмейді. Себебі, өзге 60 елден келген спортшылардың да өзіндік арман, мақсаттары болды», - деді Ақмарал Ерекешева.
