26.06.2025
Астанада IV халықаралық «Grand Prix Astana» садақ ату турнирі басталды
Астанада IV халықаралық «Grand Prix Astana» садақ атудан турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Sport12.kz
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.
Биылғы жарысқа Корея Республикасы, Мексика, АҚШ, Тәжікстан, Өзбекстан, Швейцария, сондай-ақ Бурятия, Мәскеу облысы, Саха Республикасы мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген спортшылар қатысуда.
— «Бұл турнир алғаш рет 2021 жылы өткізіліп, шетелден және елімізден ең мықты мергендерді жинаған еді. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, Еуропа мен Азия чемпиондары бар. Бүгін елордамыз төртінші рет жарыс қатысушыларын құшақ жая қарсы алып отыр. Биыл шетелден келген 111 спортшы бақ сынауда. Бәріңізге қош келдіңіздер дейміз!» — деді жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі жоғары санатты төреші Ольга Николаевна Ли.
Жарыстар классикалық және блоктық садақ ату бойынша ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер мен қыздар, кадеттер, сондай-ақ 2011 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар арасында өтуде.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке, командалық және аралас сындарда медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталады.
Турнир 28 маусымға дейін Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінің жазғы алаңында жалғасады. Көрермендер үшін кіру тегін.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов