7 сағат бұрын
Едіге Емберді: Қазақстанда чемпион атануға міндетті едім

Ауыр атлетикадан Астана қаласында өтіп жатқан жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында елордалық Едіге Емберді рекорд жаңартып, чемпион атанған болатын, деп хабарлайды Sport12.kz сайты Elordainfo.kz сайтына сілтеме жасап.
Азия рекордын жаңартып, 79 келіде чемпион атандыңыз. Нәтижеге көңіліңіз тола ма?
- 2025 жылдағы басты турнирім осы болды. Себебі, араға 12 жыл салып, Астана қаласы қайтадан ірі халықаралық доданы қабылдауға мүмкіндік алды. Өз жерімде «алтын» алуға міндетті едім. Жатпай-тұрмай, оқу-жаттығу жиынында барымды салдым. Нәтижесінде жұлқа көтеру, серпе көтеруде де чемпиондық атақ бұйырды. Әттеген-ай дейтін тұсы, әлем рекордын жаңартуға сәл ғана жетпей қалды. Бірақ, осыған да шүкір. Алдағы уақытта жеке бапкеріммен ақылдасып, халықаралық турнирлерде рекордты бұзуға тырысамын. Өйткені, биыл жастар санатымдағы соңғы жылым. Келесі жылдан бастап, толыққанды ересектер санатына ауысамын.
Наурыз айында ғана VI жастар ойындарында дәл осы Ақжол Құрманбекке есе жіберіп едіңіз. Енді Астанада реванш қайтардыңыз ғой?
- Ол кезде толыққанды дайын болмадым. Менің ағзамды тек жеке бапкерім Айбек ағай ғана біледі. Ал оқу-жаттығу жиынында жаттықтырушылар шектен тыс жүктеме беріп қойды. Ағзам қалпына келіп үлгермеді. Әйтсе де, жастар ойындарына қатыстым. Енді Астана төрінде нәтижені өздеріңіз көріп тұрсыздар.
Күзде Норвегияның Форде қаласында ересектер арасындағы Әлем чемпионаты өтеді? Толықтай жазылып қатысуға үлгересіз бе? Қандай жоспарыңыз бар?
- Барлығын жеке бапкеріммен ақылдасып шешеміз. Әлем чемпионатынан бөлек, Ислам Ынтымақтастық ойындары да бар. Әлі уақыт бар. Егер тізімге кіре қалған жағдайда, 79 келіде бақ сынаймын. Бірақ бұл салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Чуркин мен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Алексей Уваров бар екендігін де ұмытпаңыз. Жаһандық додадан қарағанда Ислам ынтымастық ойындарында жүлде алу мүмкіндігі жоғары. Ал ересектерге келесі жылдан бастап, толыққанды жоспар түзейміз.
