12 сағат бұрын
Әлем кубогында сенсация жасаған шахматшы Меруерт Камалиденова жарысты жалғастырады

Грузияның Батуми қаласында шахматтан FIDE-нің әйелдер арасындағы әлем кубогы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz
Отандасымыз Меруерт Камалиденова (2330) 3-айналымда ресейлік шахматшы Анна Шухманды (2413) жеңді. Кеше қарсыластар тең тарқасқан. Бүгін 19 жастағы отандасымыз басым түсті. Есеп: 1,5-0,5.
Айта кетейік, Меруерт 1/32 айналымда әлем чемпионатының финалисі, Әлем кубогының жеңімпазы Александра Горячкинаны ұтып, сенсация жасаған.
Камалиденованың келесі қарсыласы Вейшали Рамешбабу (Үндістан, 2481) немесе Карисса Йип (АҚШ, 2431) болады.
Өкінішке қарай, тағы бір отандасымыз Елназ Қалиахмет (2218) өзбекcтандық Умида Омоноваға есе жіберді (0,5-1,5).
Қазір Батумидегі әлем кубогына 46 ұлттық федерацияның атынан әлемнің таңдаулы 107 шахматшысы жиналды. Оның ішінде әлем рейтингінде ТОП 20-дағы 17 гроссмейстер бар. Аңызға айналған ойыншылар, жас дарынды шеберлер бас жүлде 50 мың АҚШ доллары үшін сынға түсіп жатыр. Мұндағы формат - нокаут-турнир. Яғни, жеңілген адам үшін бәсеке тамамдалады. Жарыстың финалы 28 шілдеде өтеді.
