12 сағат бұрын
Ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен қатар бағаланады

Фото: GOV.KZ
Биылдан бастап ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұлттық спорт түрлері — Қазақстанның мәдени кодының маңызды бөлігі әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен бір деңгейде басым бағыттар қатарына енгізілді. Бұл ұлттық спортты мақсатты түрде қаржыландыруға және оны жоғары жетістіктер спорты ретінде тануға жол ашады.
2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы: «Ұлттық спорт — мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі және ұлт саулығын тәрбиелеудегі маңызды құрал», — деп атап өткен еді.
Бүгінде елімізде 11 ұлттық спорт түрі белсенді дамып келеді: асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ.
Оның төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген (құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату).
2024 жылдың қыркүйек айында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті.
Бұл дүбірлі додаға 89 елден 2700 спортшы қатысты. Отандастарымыз 112 медаль, оның ішінде 43 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Сондай-ақ жыл сайын елімізде мынадай спорттық іс-шаралар өткізіледі:
▪ «Ақбидай» – ауыл спорт ойындары
▪ «Қазақстан Барысы» – республикалық турнир
▪ «Ұлы дала жорығы» – марафон-бәйге
▪ Ел көлемінде түрлі этноспорт фестивальдері мен чемпионаттар
Ұлттық спорт – патриотизмнің, ұрпақ сабақтастығының және туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
