2 күн бұрын
Қазақстанда бес жылда 371 спорт нысаны салынды

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Туризм және спорт министрлігі: кейінгі бес жылда елімізде 371 спорт нысаны салынды, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 32 нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері еліміздің 14 өңірінде 32 спорт нысаны пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Жаңа нысандарда бокс, баскетбол, волейбол, футбол, күрес, үстел теннисі және өзге де спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Биыл пайдалануға берілген ірі нысанның бірі – Ақмола облысындағы спорт кешені. Бұл – мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен толықтай қаржыландырылған еліміздегі алғашқы спорт нысаны. Аталған спорт кешенінде еркін күрес, қазақ күресі, бокс, ауыр атлетика, шаңғы спорты және жалпы дене дайындығына арналған залдар бар.
Тағы бір маңызды нысан – Павлодар облысындағы көпсалалы спорт кешені. Мұнда волейбол, баскетбол, бокс, күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және жүзу спортымен шұғылдануға болады. Кешенде 4 жолақты (25 метрлік) жүзу бассейні жұмыс істейді.
Биыл пайдалануға берілетін бірқатар маңызды нысандар қатарында үздіксіз білім беретін Ұлттық спорт университеті бар. Университет инфрақұрылымына стадион, жабық жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық бассейн, спорт кешені, ғылыми-зерттеу және медициналық қалпына келтіру орталықтары кіреді. Сондай-ақ Түркістанда байдарка мен каноэде есу, пара каноэ және академиялық ескек есу жарыстарын өткізуге арналған есу арнасының құрылысы аяқталады. Ал елордада Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталды. Аталған нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жетісу облысының Алакөл ауданында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 244 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Бұл кешен өңір спортының дамуына серпін береді. 2024 жылғы мамырда Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы басталды. Кешенде командалық спорт түрлеріне (волейболды отырып ойнау, голбол, бадминтон, бочча), үстел теннисі мен күрес түрлеріне (грек-рим, еркін күрес, дзюдо) арналған залдар салынады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. 2024 жылғы деректерге сәйкес, ел халқының 40%-дан астамы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 1000 адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 55%-дан асты. Ел тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға деген қызығушылығының, заманауи спорт нысандарына деген сұраныстың артуына байланысты бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 65%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Туризм және спорт министрлігі бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыра береді.
