7 сағат бұрын
Нысана көздеуден Азия чемпионатында Қазақстан екінші орынға жайғасты

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Бүгін Шымкент қаласында нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатының 9-жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Құрлық мергендер түрлі жас санатында стенд атудан, тапаншамен 25 және 50 метрден оқ атудан шеберлік байқасты. Оның ішінде Ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізді.
Алтын – Қазақстан жасөспірімдер құрамасында Никита Моисеев пен Элеонора Ибрагимова (трап, аралас командалық сайыс);
Күміс – Кирилл Федькин (50 метрден, тапаншамен оқ ату. Жасөспірімдер санаты);
Күміс – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында Рамазан Ынтықбай, Кирилл Цуканов, Кирилл Федькин (50 метр, тапанша);
Қола – Қазақстан командасы сапында Әлішер Айсалбаев пен Айжан Досмағамбетова (трап, аралас командалық сайыс);
«Бүгінгі жарыс күні жақсы өтті. Айжан екеуміз қола медальға қол жеткіздік. Мұның бәрі ұзақ жаттығу мен дайындықтың арқасында келді. Қарсыластарымыз жүлдеге таласта бізге жақсы бәсекелес болды. Соңында Айжан екеуміз қоланы жұлып алдық. Аралас жұптық сында көбіне Айжанмен өнер көрсетем. Келе жатқан әлем чемпионатында да бірге шығамыз деп ойлаймын»,-деді Әлішер Айсалбаев марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
«Бұл мен үшін қиын финал болды. Басында қобалжыдым. Әріптесім үнемі қолдау көрсетіп, көмегін аяған жоқ. Өзіме сенімділігім артты. Соның арқасында алтын медальді уысымызға түсірдік. Бұл менің екінші жүлдем. Бірнеше күн бұрын командалық сында күміс жүлдегер атанғанмын»,-деді Элеонора Ибрагимова.
27 тамыздан кейінгі жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Қытайдан озып, 2-орынға көтерілді.
1. Үндістан – 40 алтын, 18 күміс, 17 қола;
2. Қазақстан – 16 алтын, 17 күміс, 21 қола;
3. Қытай – 15 алтын, 15 күміс, 4 қола;
4. Оңтүстік Корея – 5 алтын, 18 күміс, 17 қола;
Қазір Шымкенттегі бәсекеде жүлде алған елдер саны 17-ге жетті.
Айта кетейік, Азия чемпионатының ашылуы 16 тамызда өтіп, оған мәртебелі қонақ ретінде Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов қатысқан. Ал өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ISSF президенті Лучано Россиді қабылдады. Кездесуде Лучано Росси нысана көздеу мен стенд атуды қолдап, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты тереңдетуге белсенді атсалысуға дайын екенін білдірген.
Бұл жарысты Қазақстанның спорттық ату федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып жатыр. Shymkent Shooting Plaza спорт кешенінде 30 тамызға дейін ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында барлық дисциплинада (тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд атудан) сайыс өтеді. Биыл чемпионатқа құрлықтағы 27 елден 750-ден астам мерген келді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында биыл жыл басынан бері елімізге 19 халықаралық спорт федерациясы мен ұйымының басшысы елімізге келді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
