2 сағат бұрын
Сурдлимпиадада Қазақстан атынан 79 спортшы бақ сынайды

Фото: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
Жапония астанасы Токиода өтетін Сурдлимпиадаға еліміздің атынан 79 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында төрт жылда бір рет өтетін жазғы Сурдлимпиаданың басталуына небәрі 60 күн қалды
Биыл XXV жазғы Сурдлимпиада 15–26 қараша аралығында Жапония астанасы – Токиода өтеді. Ойындарға әлемнің 80 елінен шамамен 3 000 спортшы 21 спорт түрі бойынша қатысады деп жоспарлануда. Қазақстан атынан жарысқа 79 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынайды. Олар: жеңіл атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таеквондо.
«Сурдлимпиаданың алдында спортшылар тыңғылықты дайындық жұмыстарынан өтуде. Жарысқа дейін 8 спорт түрінен 21 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Бүгінге дейін олардың 11-і сәтті аяқталды, ал қалған 10 жиын алдағы уақытта ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар ұлттық құрама спортшылары міндетті медициналық тексерістен өтіп, толыққанды витаминдермен қамтамасыз етілді.
Бұл кешенді дайындық спортшыларымыздың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беріп, олардың халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетуіне жол ашады деп сенеміз», – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Марат Қасқырбаев.
Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Сурдлимпиада биыл тұңғыш рет Жапонияда өтеді. Сонымен қатар бұл жыл Сурдлимпиаданың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп тұр.
Алғашқы ойындар 1924 жылы Парижде өткізілген.
Қазақстан құрамасы бұл додаға 1997 жылдан бастап қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық спортшылар 6 жазғы және 3 қысқы Сурдлимпиадада жалпы 42 медаль (8 алтын, 8 күміс, 26 қола) жеңіп алды.
Соңғы XXIV жазғы Сурдлимпиада 2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтті. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен 63 спортшымен қатысып, рекордтық 29 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 7 күміс және 18 қола. Нәтижесінде еліміз 73 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 13-орынды иеленді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
