2 сағат бұрын
Ербол Мырзабосынов садақ атудан тарихи медаль жеңіп алған ұлттық құрама спортшыларымен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен садақ атудан әлем чемпионатында тарихи жүлде жеңіп алған Қазақстан әйелдер құрамасының спортшыларымен кездесті, деп хабарлады Sport12.kz
Басқосуға спортшылар, ұлттық құрама жаттықтырушылары мен мамандар қатысты.
«Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен додада тарихи нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл – Қазақстан спортындағы айтулы жетістік. Спортшылар мен жаттықтырушылардың бірлескен еңбегі осындай тамаша нәтижеге жеткізді. Әлем чемпионатындағы толайым табыс садақ ату спортының танымалдылығын арттыра түседі деп сенемін. Мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында елімізде садақ ату спортына қызығушылық жылдан жылға өсіп келеді. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен 7 мыңға жуық адам шұғылдануда», – деді министр.
Кездесу барысында ұлттық құрама бас жаттықтырушысы Бауыржан Жолдыбаев «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал спортшылар Адель Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусова «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар Қазақстан садақ ату федерациясының президенті Азамат Өсімбековке Туризм және спорт министрінің Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, Кванджуда өткен әлем чемпионатында Адель Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова бастаған Қазақстан командасы қола жүлде үшін таласта Ұлыбританияны 232:228 есебімен жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
