7 сағат бұрын
Астанада паралимпиадалық жаттығу орталығының кубогы сарапқа салынды
Қазақстанда теңдессіз саналатын халықаралық деңгейдегі паралимпиадалық жаттығу орталығында 5 спорт түрінен бірнеше айға жалғасқан арнайы чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
Елордадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында 8 ай бойы тұрақты түрде кезең-кезеңімен өткізілген кубок бәсекесінде 100-ден астам қатысушы бадминтон, текбол, бочча, теннис, үстел ойындарынан мықтыны анықтады.
«Бұл жобамыз 2025 жылы алғаш рет қолға алынды. Неге 5 спорт түрінен қамтыдық? Себебі, дәл осы спорттарда баллдық жүйе бар. Ұпай көрсеткіштері арқылы жеңімпазды анықтауға болады. Әйтпесе қазіргі уақытта осы жерде спорттың 23 түрі бойынша жаттығулар өткізіледі. Келесі жылы жобамызда спорттың түрін арттыру ойымызда бар. 8 айға жалғасқан бәсекенің қандай пайдасын көре алдық? Әр ай сайын тұрақты түрде өткізілген жарыстың арқасында бірқатар жандар өздерін жаңа спорт түрінде бақ сынауға мүмкіндік алып, ай сайын өздерінің біліктіліктерін арттырды. Мысалы, Аслан атты азаматымыз боччаны осы жерден үйреніп қана қоймай, жарыстарда қазылық ететін білікті төрешіге айналды. Осындай мысалдар жеткілікті», - деді паралимпиадалық жаттығу орталығының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.
Қатысушылар 27 қараша күні бадминтон мен текболдан жеңімпаздарды анықтаса, 28 қараша күні бочча, теннис, үстел ойындарынан сайыстар өтті.
«Мен орталыққа 2023 жылдан бері келіп жүрмін. Жасым 76-да. Оқушы және студент кезде де дене шынықтырумен айналыспаған едім. Міне енді осы жерге келген кезде ғана денсаулығыма көңіл бөле бастадым. Өкінішке қарай, жүрегіме ота жасалғандықтан, дәрігерлер тек бочча, бадминтон, үстел теннисі, тоғызқұмалақпен ғана айналысуға мүмкіндік берді. Осы жерге аптасына тұрақты түрде 5 рет келемін. Жылы әрі жарық жерде жарыс түрлеріне қатысуға ықпал жасаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деп атап өтті орталыққа келуші Клара Құбаева.
Пара спорт және ұлттық спорт түрлері бойынша чемпионат қатысушылардың жаңа қырынан көрінуге де ықпал жасады.
«Түркістан облысынан Астанаға келгелі 4-5 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда каратэ, футбол, бадминтонға басымдық беріп едім. Жаттығу орталығында боччаны алғаш көрген сәттен ұнап қалды. Ақырындап үйреніп, биыл боччадан бағымды сынауға ұйғардым. Уақыт өткен сайын әртүрлі спортты үйрену үстіндемін. Чемпионаттп тек қатысып қана қоймай, жаңа мақсат, жоспар құруға өз ықпалын тигізді», - деді Бағдаулет Жұмаханбет атты қатысушы.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер арнайы кубок, сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов