7 сағат бұрын

Елордада қысқы спорт бойынша қалалық чемпионат қалай өтіп жатыр?

Елордада қысқы спорт бойынша қалалық чемпионат қалай өтіп жатыр?

Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында 70-тен астам мәнерлеп сырғанаушы үздіктерді анықтап жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz

30 қараша - 1 желтоқсан аралығында ұйымдастырылып жатқан бәсекеде 8 бен 17 жас аралығындағы жас спортшылар жүлдеге таласып жатыр.

«Біздің мектепте мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, биатлон, спорттық бағдарлау сынды 6 спорт түрі қамтылған. Міне, бүгін мәнерлеп сырғанаудан қаламыздың жүлдегерлері анықталады. Осындай жарыстардың маңызы өте зор. Себебі, жеткіншектердің арасында жарыстар көп өте бермейді. Олардың өздерін көрсетуіне жақсы мүмкіндік. Үздік шыққандары 2026 жылы Қарағанды облысында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Жалпы қазіргі сәтте мектебімізде 4-17 жас аралығындағы 230 шәкіртті баулып жатырмыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Бауыржан Сахарбаев.

Астана қаласының қысқы спорт мектебінің ел ішінде де өзіндік орны бар. Мысалы, қазан айында ғана өткен спорт мектептерінің Республикалық жарысында №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі екінші орынға тұрақтаған еді.

«Астанада қысқы спорт түрлерінің арасынан мәнерлеп сырғанау мен шорт-трекке деген қызығушылық жоғары. Неге? Өйткені ересектер арасында марқұм Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, Михаил Шайдоровтың жетістіктері және шорт-тректегі серпілістер жас балалардың ынтасын оятуға септігін тигізді. Жақында ғана шорт-тректен елордада өткен жасөспірімдердің Әлем кубогында Богдан Вехов чемпион болғаны да елордамызда талантты жастардың өсіп келе жатқанын дәлелдейді», - деп №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Бауыржан Сахарбаев сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан кейін шорт-трек пен конькимен жүгіруден Astana Open жарысымен жалғасады. Ол жерде Астана қаласынан бөлек, Ақтөбе облысы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысынан да жүлдеге талас жүргізеді.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас