03.12.2025

 Қаблан Бейбарыс таэквондодан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты

 Қаблан Бейбарыс таэквондодан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты

Фото: Қазақстан таэквондо федерациясы

Таэквондошы Қаблан Бейбарыс (87 келі) 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Sport12.kz.

Ширек финалдық кездесуде Қаблан Бейбарыс Бара Рахмет Симсектен (Түркия) басым түсті.

Жартылай финалда отандасымыз Иран спортшысы Ашрафи Амирмохаммадқа қарсы кездесу өткізеді. 

Жартылай финалдық жекпе-жектер Астана уақытымен 19:00-де басталады.

Дүниежүзілік дүбірлі дода 3-6 желтоқсан аралығында Кения астанасы Найроби қаласында өтеді. Онда ел намысын 16 спортшы қорғайды.

Ерлер құрамасы сапында Қаблан Бейбарыстан өзге Еркебұлан Енсегенов (54 келі), Жавоҳирхон Исламов (58 келі), Тамерлан Тілеулес (63 келі), Арслан Ерментаев (68 келі), Ергеш Бекасыл (74 келі), Батырхан Қусетов (80 келі), Батырхан Төлеуғали (87 келі) сынға түседі.

Ал әйелдерде Ақбота Желеу (46 келі), Нұрайым Жұмабек (49 келі), Айдана Сүндетбай (53 келі), Мария Севостьянова (57 келі), Аяулым Асқар (62 келі), Аружан Найманбаева (67 келі), Назым Махмұтова (73 келі), Алтыншаш Ыдырыс (83 келі) сынды спортшыларға үміт артамыз.


 




Біздің серіктес: Бізге тіркел!