2 күн бұрын

Таеквондодан Қазақстан чемпионатына еліміздің көшбасшылары қатыспайды

Таеквондодан Қазақстан чемпионатына еліміздің көшбасшылары қатыспайды

20-22 желтоқсан күндері Шымкентте таеквондодан (WT) ересектер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz

Ел біріншілігінде 300-ге жуық даянг шебері 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов Қазақстан Чемпионаты нәтижесінде 2026 жылғы спорт маусымына құрама жасақталатынын айтты.

«Жылдың маңызды жарыстары артта қалды. Осыған орай, Әлем чемпионаттарынан жүлде алған бес спортшы, атап айтқанда, Нодира Ахмедова, Айдана Құмартаева, Бейбарыс Қаблан, Батырхан Төлеуғали және Тамирлан Тлеулес аталмыш Қазақстан Чемпионатынан босатылды.

2026 жылғы маусымға көз салсақ, бізді екі негізгі дода күтіп тұр. Алғашқысы мамыр айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионаты болса, кейінгісі қыркүйек–қазан айларында Жапонияда өтетін Азия ойындары. Бұл жарыстарға іріктеу ұлттық құрама сапына енген спортшылар арасынан жүргізіледі. Олар екі халықаралық турнирде бақ сынап, содан соң Азия чемпионатына жолдама алады.

Келер жыл біз үшін аса маңызды. 2026 жылдың маусымынан бастап олимпиадалық рейтинг ұпайларын үйлестіру басталады. Сол кезден бастап әр жарыста жиналған әрбір ұпай спортшының Олимпиада жолындағы тағдырын айқындайтын болады. Үш Гран-при және Астанада өтетін Гран-при жарысының финалы бар. Осы сындарда сәтті өнер көрсеткен спортшылар олимпиадалық жолдамаға бір қадам жақындайды.

Біз 2025 жыл бойы спортшыларды мүмкіндігінше көп жарысқа қатыстырып, демалтпай, шыңдап келеміз. Бұл – 2026 жылғы олимпиадалық ұпай беретін жарыстарды жоғары дайындықпен бастау үшін жасалып отырған жоспарлы жұмыс. Алда атқарар іс әлі де көп. Мықтылардың деңгейіне жету үшін, олармен тең дәрежеде өнер көрсету үшін талмай еңбектену қажет», - деп қорытындады бас бапкер Есбол Сұлтанов.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас