1 күн бұрын
Көкшетауда жаңа спорт кешені ашылды
Мемлекет басшысының 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Көкшетауда Kokshe Arena заманауи көпфункционалды спорт кешенінің ашылуы өтті, деп хабарлайды Sport12.kz
Нысан Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл мақсатқа Үкімет 12,6 млрд теңге бөлді.
Ғимараттың сыйымдылығы шамамен 1 мың адамды құрайды. Кешенде заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық көрермен залы, өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы қарастырылған. Бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары сертификатталған олимпиадалық стандарттағы құралдармен жабдықталған. Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де барлық жағдай жасалған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.
Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысан, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт мекемесінің құрылысы жоспарланған.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірінде заманауи спорт кешендері мен ареналар салынып жатыр. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға және дене шынықтырумен айналысуға қолжетімді жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Мұндай нысандар балалар мен жастарды спортқа тартуға, спортшылардың дайындығын арттыруға және өңірлерде тұрақты спорт ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Берік Асылов кешеннің пайдалануға берілуі Мемлекет басшысының активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесі әрі Әділетті Қазақстан құруға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біз қайтарылған активтердің мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауда ұстаймыз, әрбір теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі тиіс. Бұл шаралардың барлығы “Заң мен тәртіп” идеологиясына сай келеді және қоғам игілігі үшін жұмыс істеп, спортты дамытуға, жастарды «Адал азамат» тұжырымдамасы рухында тәрбиелеуге жағдай жасайды», – деп атап өтті Берік Асылов.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұқаралық спортсыз дені сау ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін атап өткен болатын. Сондықтан спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. Kokshe Arena – кәсіби спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды біріктіретін жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Кешен барлық заманауи талаптарды ескере отырып салынған және халықаралық стандарттарға толық сай», – деді Марат Ахметжанов.
Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүйелі жүзеге асыру жалғасып келеді. Биыл республика бойынша 79 спорт нысаны салынды. Жыл соңына дейін тағы 50 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазірде елімізде 912 балалар-жасөспірімдер клубы, 521 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 700 мыңнан астам жасөспірім спортпен айналысады.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов