4 сағат бұрын

Мәскеу күндері: елордада еліміздің үздік көркем гимнасшылары шеберлік көрсетті

Мәскеу күндері: елордада еліміздің үздік көркем гимнасшылары шеберлік көрсетті

Бүгін, 21 желтоқсан күні Астана мен Мәскеу қаласының көркем гимнасшылары бас қосып, «Думан» қонақ үйінде өз өнерлерін паш етті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Қос елдің 25 жылдық ынтымақтастығы аясында өткен шарада үздік спортшылар көрермендерге әсерлі қойылымдарын ұсынды. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева мен ұлттық құраманың мүшесі Дария Көшербаева болды.

«Көркем гимнасшылар көрермендердің алдында өздерінің шеберліктерін жақсы шыңдайды. Сондықтан қос қаланың арасындағы сайыс жақсы тәжірибе болды деген сенімдемін. Қазіргі таңда елімізде көркем гимнастикаға деген қызығушылық артып келеді. Бұқаралық спорт дамыған сайын нәтижелер де жоғарылайды. Соның айғағы – Астана қаласының спортшылары 2025 жылы жасөспірімдер арасында тарихи алтын жүлдеге қол жеткізіп, Азия чемпионатында топ жарды. Ендігі басты мақсат – 2026 жылғы жазғы Азия ойындары», - деді №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева.

Сайыс барысында қатысушылар шығыршық, доп, лента және таспа жаттығуларында бақ сынады. Нәтижесінде Ақмарал Ерекешева доп пен лента жаттығуларында үздік атанса, Дария Көшербаева таспа сайысында алтын жүлдені иеленді. Ал Мәскеу қаласының өкілі Тансия Клименко шығыршық жаттығуында чемпион атанды.

«Бүгін бізге алғаш рет Мәскеу қаласының спортшылары келді. Жақсы тәжірибе алмастық. Өзім екі жаттығуда бақ сынадым. Ал жылды қорытындылайтын болсам, мен үшін табысты жыл болды. Енді жасөспірімдер арасындағы жетістігімді ересектер арасында жалғастырсам деймін. Әрине, қобалжу бар. Бірақ мен үнемі жаттығатындықтан, оны жеңіп шығатыныма сенімдімін. Бұйырса, 2026 жылы әлем Кубоктары мен халықаралық турнирлерде бақ сынаймын», - деп жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева өз әсерімен бөлісті.

Шараның соңында Мәскеу қаласының жаттықтырушылары спортшыларға шеберлік дәрісін өткізді.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас