1 күн бұрын

Серік Сәпиев орынбасарымен болған төбелестен кейін өз еркімен қызметінен кетті

Серік Сәпиев орынбасарымен болған төбелестен кейін өз еркімен қызметінен кетті

Фото: Серік Сапиевтің инстаграм парақшасы

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл жөнінде Қарағанды облыстық әкімдігі мәлім етті.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімханов арасында жанжал туындаған еді. 

Бұған дейін желіде Сәпиевті кабинеттен оның орынбасары, самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы Есімхановтың итеріп шығарып жатқан видеосы тараған болатын.

Оған байланысты мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент тексеріс жүргізді. 

Бұл жанжалдың себебін Серік Сәпиев былайша түсіндірді. 

- Құрметті қазақстандықтар! Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық. Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді, - деп жазылған хабарламада.

Серік Сапиев еңбек жолында Қазақстан бокс федерациясында бастады: жаттықтырушы-оқытушы, кейін спорт директоры болды.

«Astana Arlans» кәсіби спорт клубын басқарды.

2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

2019 жылдың қаңтарында Мемлекеттік қызметке ауысты — үш жылға жуық ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды.

Содан кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін «MTEX management» ЖШС спортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болды.


Біздің серіктес: Бізге тіркел!