12 сағат бұрын
Қазақстан 2025 жылы қысқы спорт түрлерінен қандай жетістікке жетті?
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
2025 жыл еліміздің қысқы спорт түрлері үшін тарихи әрі табысты кезең ретінде есте қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде ҚР туризм және спорт минситрлігі мәлім етті.
Отандық спортшылар әлемдік және құрлықтық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатты. Шорт-трек, фристайл, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және пара биатлон спортында бірқатар айтулы жетістіктер тіркелді.
Мәселен, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы маусымдағы ең үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында Олимпиада бағдарламасына енген 5000 метрлік эстафетада ерлер құрамасы – Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен – тарихи алтын медальді жеңіп алды.
Ізін ала аралас эстафета мен әйелдер арасындағы командалық сайыста отандық спортшылар күміс жүлдеге ие болды.
Ал наурыз айында Қытайда өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта сынға түскен Денис Никиша екінші жыл қатарынан күміс жүлде еншіледі.
Сондай-ақ Харбиндегі Азия ойындарында фристайл-акробатикадан үлкен сенсация тіркелді. Жұптық синхронды секіруде Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов Олимпиада чемпиондарын жеңіп, 97,92 баллмен Азия рекордын орнатып, алтын медаль иеленді.
Ел мерейін үстем еткен тағы бір жаңалық – Анастасия Городко қаңтар айында Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 1 алтын және 1 күміс медаль иеленсе, Туринде өткен қысқы Универсиадада могул мен параллельді могулда жеңімпаз атанды. Ал наурызда Санкт-Морицте (Швейцария) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында параллельді могулдан қола жүлде иеленді. Осылайша қоржынын қомақты медальдармен толықты.
Маусымның басты қаһармандарының бірі – Евгений Кошкин. Ол Солт-Лейк-Ситиде өткен Әлем кубогі кезеңінде 500 метрді 33,67 секундта жүгіріп өтіп, жеке рекордын жаңартып, күміс медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже оны әлемдегі ТОП-3 спортшылар қатарына қосты.
Қазақстан тарихындағы тағы бір алғашқы алтын медаль иегері – Дінмұхаммед Райымқұлов. Ол Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында фристайл-акробатикадан чемпион атанған болатын.
Ал Михаил Шайдоров 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Қазақстан тарихындағы үшінші спортшы ретінде (бұған дейін Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева) жаһандық доданың жүлдесіне қол жеткізді.
Сонымен қатар пара биатлоннан Ербол Хамитов Қазақстан тарихында тұңғыш рет Әлем кубогінің хрусталь глобусын жеңді. Бұл жетістік еліміздегі пара спорттың дамуына серпін берді.
Отандық спортшылардың 2025 жылғы қысқы маусымдағы жетістіктері – ел спорттың жүйелі дамуы мен халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!