6 сағат бұрын
Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатына кімдер қатысады?
Фото: Қазақстан ҰОК
Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионатына қатысады, деп хабарлайды Sport12.kz.
2026 жылдың 6–8 ақпан күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионаты өтеді. Құрлық додасы «Туаньбо» жеңіл атлетикалық манежінде ұйымдастырылады.
Чемпионатқа Азия жеңіл атлетика қауымдастығына (Asian Athletics) мүше федерациялар қатысады. Сары құрлық додасында 24 елдің спортшылары бақ сынайды деп жоспарлануда. Чемпионатты Азия жеңіл атлетика қауымдастығы мен Қытай жеңіл атлетика қауымдастығы бірлесе отырып, Ұйымдастыру комитетінің қолдауымен өткізеді.
Жарыс бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 26 спорт түрі енгізілген. Бағдарламаға жүгіру және кедергілер арқылы жүгіру, 4×400 м эстафетасы, секіру түрлері, ядро серпу және көпсайыс (жетісайыс) кіреді. Әр федерациядан бір спорт түріне ең көбі екі спортшы, ал эстафетада бір команда қатыса алады.
Қазақстан құрамасы еліміздегі үздік жеңіл атлеттерді жарысқа қосады. Атап айтар болсақ, команда көшбасшылары - Давид Ефремов (60 м кедергімен жүгіру), Ольга Сафронова (60 м), Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова (биіктікке секіру), Нора Джеруто (орта және ұзақ қашықтықтарға жүгіру), Мария Ефремова (үш қарғып секіру) жүлдеге таласып көрееді.
400 метрге жүгіру және эстафета топтарында тәжірибелі спортшылар Михаил Литвин мен Эльнор Мухитдинов, сондай-ақ жас әрі болашағы зор Мария Шувалова мен Милана Зубарева өнер көрсетеді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!