8 сағат бұрын
Қазақстандық кәсіпқой сумошы Астанада балуандармен тәжірибе бөлісті
Фото: Қайсар Есенов
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында тағылымы мол кездесу өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақтан шыққан кәсіпқой сумошы, Жапония төрінде топ жарып жүрген жалғыз қазақ Ерсін Балтағұл қазақстандық кәсіби спортшылармен және жас балуандармен жүздесті.
Кездесуге қазақ күресінің абсолютті салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген түйе балуандар, сондай-ақ Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдодан ұлттық құрама спортшылары қатысты.
Ерсін Балтағұл бүгінде Жапонияда жоғары нәтижеге қол жеткізген Қазақстанның кәсіби сумошысы. Алматы қаласының тумасы спорттағы жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, ұлттық мектептің тәлімін көріп шыңдалған. Кейін Жапониядағы Нихон университетін тамамдап, кәсіби сумо әлеміне қадам басқан.
Кездесу барысында Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Кинбозан Харуки лақап атымен танымал спортшыны отандық балуандарға таныстырып, оның халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды. Былтыр Жапонияда өткен «Хацу басё – 2025» турнирінде Ерсін Балтағұл 15 күндік додада 13 жеңіске қол жеткізіп, үшінші орын иеленді. Бұл нәтиже ел спорты тарихындағы маңызды белестердің бірі.
Жас балуандар қадірменді қонаққа қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ұлттық спорт пен сумо арасындағы үндестікті паш етті. Ал Ерсін Балтағұл өз кезегінде сумода жиі қолданатын сүйікті әдістерін таныстырып, Жапониядағы дайындық жүйесі, қатаң тәртіп пен дәстүрге негізделген сумо мәдениеті туралы кеңінен әңгімеледі.
Шара барысында спортшы кәсіби сумода жеткен жетістіктерінің басты қағидаттарына да тоқталды:
– Кәсіби спортта табысқа жетудің басты кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Мен спорттық жолымды қазақ күресі мен дзюдодан бастап, сол мектептің арқасында физикалық және рухани тұрғыдан қалыптасқанмын. Жапондарда «залдың рухын сезіну» және «татамидің тынысын аңғару» деген мағына беретін «Ондуошин и» деген ұғым бар. Мен де кілем мен залдың тынысын сезінуді төл күресіміздің мектебінен үйрендім. Бұған мысал келтіретін болсам, мен сумо белдесулерінде қазақ күресінің «Жамбас» әдісін жиі қолданамын, – дейді Ерсін Балтағұл.
Сондай-ақ, спортшы қазақ күресін Жапонияда дамыту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
– Қазақстанда абсолютті салмақта өтетін «Қазақстан барысы» және «Еуразия барысы» сияқты турнирлер ірі денелі балуандардың әлеуетін көрсетіп отыр. Сондықтан Жапонияда қазақ күресін дамытуға, жергілікті балуандарды сумо күресіне тартуға толық мүмкіндік бар деп санаймын. Сумо жарысына шыққанда өзімнің қазақстандық екенімді, Алматы қаласының тумасы екенімді ешқашан ұмытпаймын. Яғни, мен үшін 146 миллион халқы бар Жапонияда ел намысын қорғау үлкен жауапкершілік деп білемін. Қазір Осака қаласында өтетін император кубогіне дайындалып жатырмын. Бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінуге бар күшімді саламын, – дейді спортшы.
Шара барысында Мейіржан Берекетов Ерсін Балтағұлға Qazaq Kuresi Ассоциациясы ұжымының атынан құрмет көрсетті, қазақ дәстүрмен иығына шапан жауып, кәдесыйларды табыстады.
Баспасөз орталығында жалғасқан сұхбат барысында кәсіби сумошы ұлттық спорттан халықаралық деңгейге шығудың жолы, спорттағы тәртіп пен табандылықтың маңызы және алдағы жоспарлары жайында ой бөлісті.
Бұл кездесу бір спортшының жетістігін дәріптеу ғана емес, қазақ жастарына мотивация беретін тағылымды іс-шара болғаны сөзсіз. Төл күрестің мектебінен түлеп ұшқан балуанның Жапония төрінде атой салуы қазақ спортының әлеуетін айғақтайтын жетістік.
Айта кетсек, бойы 195 сантиметр, ал салмағы 178 келі болатын Ерсін Балтағұл сумо күресінің ең жоғары дивизионы – Макуутиде өнер көрсетіп жүр.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»