5 сағат бұрын
Серік Жарасбаев Virtus федерациясының президентімен кездесті
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Халықаралық Virtus федерациясының президенті және Халықаралық Паралимпиада комитетінің (IPC) Басқарушы кеңесінің мүшесі Робин Смитпен кездесті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесу барысында зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спортты дамыту, халықаралық паралимпиада қозғалысымен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ отандық спортшыларды Пара Азия және Паралимпиадаға даярлаудың стратегиялық бағыттары талқыланды.
Министрдің орынбасары Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Virtus халықаралық федерациясына мүшелікке қабылданғанын атап өтті.
Тараптар Орталық Азияда баламасы жоқ, зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған мамандандырылған инклюзивті спорттық-оңалту орталығын салу жобасын іске асыру мәселесін талқылады. Аталған орталық ұлттық құрама үшін оқу-жаттығу базасы болып, өңір елдері үшін әдістемелік алаңға айналады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, болашақта орталық базасында Орталық Азия және ТМД елдерінің жаттықтырушылары мен классификаторлары үшін Virtus оқу семинарларын өткізу мүмкіндігі қарастырылды.
Робин Смиттің Қазақстанға сапары халықаралық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, инклюзивтілік, тең мүмкіндіктер және паралимпиадалық спорттың орнықты дамуы қағидаттарын ілгерілетудегі еліміздің ұстанымын нығайтады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»