5 сағат бұрын
Заң және тәртіп: Астанада кезекті «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өтті
Бүгін елордадағы саябақтардың бірінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында вейп пен темекі өнімдерін спорттық жабдықтарға ауыстыру акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sport12.kz
Айтулы шараға елімізге танымал гір спортының шебері — 26 дүркін әлем чемпионы, 18 дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР Құрметті спорт қызметкері Серік Абдахин қатысты. Ол қала тұрғындарына, әсіресе жастарға электронды темекі, насыбай және вейптің зияны туралы кеңінен түсіндірді.
Гір спортының майталманы, ардагер спортшы Серік Абдахин 62 жасқа келсе де, әлі күнге дейін спортпен белсенді айналысып келеді.
«Бүгін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған ерекше акцияға қатысып жатырмын. Орталық саябақта жастармен кездесіп, вейп немесе электронды темекі тұтынатын азаматтарға өз құрылғыларын спорттық құрал-жабдықтарға ауыстыруды ұсынып, оның маңызын түсіндірдік. Барлығымызға белгілі, қазіргі таңда жастар арасында насыбай мен вейп кеңінен таралып барады. Бұл – денсаулыққа зиянды әдет. Сондықтан жаман әдеттен арылып, салауатты өмір салтын таңдауға шақырамын. Спортпен айналысу — денсаулықтың кепілі», – деді Серік Абдахин.
Акция барысында көптеген тұрғындар ұсынысты қуана қабылдап, зиянды әдеттен бас тартып, оның орнына спорттық жабдықтарды таңдады.
Аталған шара елорда тұрғындары арасындағы вейпке тәуелділік деңгейін төмендетуге бағытталған. Акцияның басты мақсаты — темекі өнімдерін спорттық құрал-жабдықтарға айырбастау арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов