17 сағат бұрын
2024 Қазақстан шахматшылары үшін ең табысты жыл болды.
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы
Аяқталуына санаулы күндер қалған 2024 жыл Қазақстан шахматшылары үшін ең табысты жыл болды.
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Азия шахмат федерациясының (ACF) қамқорлығымен өткен ресми халықаралық турнирлерде біздің шахматшыларымыз – юниорлар (7 жастан бастап қоса алғанда 20 жасқа дейінгілер), ересектер, сеньорлар (50 жастан асқан) және әуесқойлар (рейтингі 2300 Эло тармағынан жоғары еместер) 160 медаль жеңіп алды, осынау рекордтық қоржынымызда 55 алтын, 54 күміс және 51 қола медаль бар.
Будапештте өткен 45-ші Шахмат олимпиадасында жеткіншектеріміздің екінші орын алғаны – шынында да, тек бір жылдың ғана емес, Қазақстан шахматының бүкіл тарихының басты жетістіктерінің бірі. Бибісара Асаубаева, Меруерт Қамалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман мен Әмина Қайырбекова қос гроссмейстер Павел Коцур (капитан) мен Александр Моисеенконың (жаттықтырушы) жетекшілігімен Будапешттегі сайыста шахмат сүйер қауымды дүр сілкіндірген тамаша жеңіске жетіп, чемпион атағына ие Үндістан командасын ғана алға жіберді.
Біздің команданың көшбасшысы Бибісара Асаубаева Тбилиси (2-орын) мен Шымкентте (3-орын) өткен 2024/25 жылдар маусымының әйелдер Гран-приінің кезеңдерінде өзінің жоғары деңгейін қуаттады. Екі кезеңнің жиынтығы бойынша ол жалпы есепте көшбасшылық орынға ие, осыған орай екі үздік шахматшының әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне тікелей өтетінін атап өту керек.
Жеке атап өтетіні, жасөспірімдеріміздің әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алғандары да ауыз толтырып айтарлық нәтиже – Қазыбек Нөгербек (U20) қазіргі KazChess/ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың осыдан 26 жыл бұрынғы жетістігін қайталаса, Марк Смирнов (U12) пен Аланна Берікқызы (U10) зор жеңіске жеткеннен кейін бірден Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионатында дебютке шығып, финалға табыспен жетті. Егер бұған Ханзада Аманжолдың (U12), Эдгар Мамедовтың (U14), Алдияр Аңсаттың (U18) және Әмина Қайрбекованың (U18) күміс медальдарын, сондай-ақ Сауат Нұрғалиевтің (U14) қола медалін қоссақ, онда классикалық шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қоржынымызға рекордтық 8 медаль түсті.
«Бұл бүкіл Kazchess ұжымы ел басшылығының және атап айтқанда, Президенттің қолдауымен іс жүзіне асырған қажырлы еңбектің заңды нәтижесі. Біз жүйелі шараларды жалғастырдық – биыл екі бағдарламамыз – жас дарын иелеріне және кәсіпқойлар спортына қолдау көрсетуге ғана арналған бюджетіміздің өзі шамамен 1 млрд теңге болды. Сонымен қатар көптеген турнир, соның ішінде FIDE аясында халықаралық жарыс өткізілді, шахматты мектепте оқыту жобасы кеңейтілді, имидждік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның бәрі адам сенбейтін осындай керемет нәтиже берді және, әлбетте, бұл шахматшылардың өз жетістігі. Қазақстан әлемдік шахмат тақтасынан өзінің лайықты орнын ұстап тұруы үшін осы қарқынды одан әрі жалғастыра бермек ниеттеміз», - деп атап өтті KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов.
Біздің жеткіншектер рапидтен әлем чемпионаттарында тамаша нәтиже көрсетіп, 9 медаль алды, соның ішінде Алиша Бисалиеваның (G8) алтын медалі бар, және блицтен – 7 медаль жеңіп алды, соның ішінде Елназ Қалиахмет (G14) пен Даниял Сәпенов (O16) алтынын атап өту керек.
Біздің жасөспірімдеріміз мектеп оқушыларының арасында өткен әлем чемпионаттарынан құны әр түрлі көптеген марапат алып келіп, 8 баламыз: Айару Алтынбек (G13) – классикадан, Арлан Міржанов (O9), Әлімжан Жауынбай (O11), Әлихан Дәулет (O15), Айлин Зарқым (G13) мен Зарина Нұрғалиева (G15) – рапидтен, Алдияр Жауынбай (O13) мен Аяулым Қалдарова (G17) – блицтен чемпион атанды.
Азия шахматшыларының барлық деңгейде үстем болып отырғанын, соның ішінде ерлер арасындағы (Үндістан ойыншысының жеңісімен аяқталған Гукеш Доммараджу – Дин Лижэнь партиясы) және әйелдер арасындағы (алдағы уақытта өтетін Цзюй Вэньцзюнь – Тань Чжунъи матчы) әлемдік шахмат тәжінің иегері анықталатын матчтарды ескерсек, жасөспірімдеріміз бен мектеп оқушыларымыздың Азия және Батыс Азия чемпионаттарында жеңіске жеткендері өте құнды.
Осы рекордтық жетістіктің барлығы екі грант бағдарламасы – Ұлттық құрама мүшелерін қолдау бағдарламасының және 9 - 16 жас аралығындағы үздік шахматшыларға арналған Жас дарын иелерін қолдау бағдарламасының толыққанды іске қосылуының нәтижесі деуге болады. Соңғы бағдарлама туралы ерекше айтып өту керек. Қазіргі кезде еліміздің балалар мен жасөспірімдер құрамасының 45 мүшесі Алтын, Күміс және Қола деп аталатын 3 үш пакет аясында өтеусіз демеушілік қолдау алады. Пакеттің түріне қарай жас шахматшылар ай сайынғы ақшалай төлемдер, техника алып, ваучерлік жүйенің тұрпаты бойынша жаттықтырушымен сабақ (топтық және жеке), оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық және республикалық турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болады, физикалық және психологиялық дайындық, шахмат бағдарламалары мен шахмат әдебиеті – жоғары дәрежелі шахматшыларды дайындауға қажеттінің барлығы кіреді.
Әр жылдың қорытындысы бойынша Жас дарын иелерін қолдау бағдарламасына қатысып, демеушілік көмек алуына болатын балалардың құрамы анықталады. Балл саны Қазақстан Республикасының чемпионатына және классика, рапид пен блиц бойынша халықаралық турнирлерге, айталық, жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасындағы Әлем, Азия және Батыс Азия чемпионаттарына қатысқаны, сондай-ақ белгілі бір рейтингке қол жеткізгені үшін беріледі.