3 күн бұрын
Өңірлік спорт басқармалары цифрлық платформада жұмыс жүргізеді
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген аппараттық кеңесінде e-Sport цифрлық платформасы таныстырылды.
Аталған жоба деректер мен жүйені басқаруда ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете отырып, дене шынықтыру және спорт саласын цифрлық трансформациялауға бағытталған.
Платформаның негізгі мақсаты – еліміздің барлық аймағындағы спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және әдіскерлер туралы ақпаратты біріктіретін орталықтандырылған мәліметтер базасын құру. Сонымен қатар платформа спортшылар мен жаттықтырушылардың дене шынықтыру және спорт ұйымдарында жұмыс істейтінін және олардың біліктілігін растауға, электронды спорттық іс-шаралар күнтізбесін құруға және өңдеуге, сондай-ақ спорт нысандарын цифрландыруға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезеңде платформаның негізгі модульдері іске асырылды. Атап айтқанда, алғашқы кезеңде спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен әдіскерлер паспорттарының бірыңғай деректер базасы, іс-шаралардың электронды күнтізбесі және нысандардың тізілімі енгізіледі. Қазіргі таңда платформамен жұмыс істеуге 81 спорт федерациясы мен 6 ұйым қосылды, ал деректер базасына 1700-ден астам спортшының мәліметі салынды.
«Министрлік 2025 жылы платформаның функционалдығын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жарыс хаттамаларын электронды форматта жүргізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және статистикалық деректерді проактивті форматта есепке алу енгізіледі. Бұдан басқа, e-Sport платформасын өндірістік пайдалануға енгізу күтіліп отыр. Бұл спорт саласын цифрландыруды дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әсіресе, өңірлік спорт басқармалары e-Sport платформасына көшу жұмыстарын жедел әрі сапалы жүргізуі керек», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, e-Sport цифрлық платформасы спорт саласын тиімді басқаруға жаңа мүмкіндіктерді ашып, спорт саласындағы мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыру және сапасын көтеру үшін маңызды құралға айналмақ.