14.01.2025
Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті
Фото: olympic.kz
Бүгін, 13 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде ел құрамасынан ту ұстап шығатын құрметіне хоккейші Абылайхан Сүлейменов пен фристайл шебері Аяулым Әмренова ие болды. Абылайхан шайбалы хоккейден «Номад» командасының ойыншысы. Ол бұдан бұрын АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада еліміздің хоккей құрамасы сапында үшінші орынды иеленді. Ал Аяулым Әмренова – фристайл бойынша 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медалін алған.
Қысқы Универсиадаға Қазақстан құрамасы ерекше дайындық жасап келді. Олар үстіндегі көк түсті спорттық формаларымен алаң төрінен жүріп өтті.
Жас спортшылар 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Қазақстан құрамасынан 103 спортшы қатысады. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.
Дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазірге дейін Қысқы Универсиадада қазақстандық спортшылар 98 медаль еншілеген. Оның ішінде 32-ы алтын, 29-ы күміс, 37-і қола.